Алматыда қай қылмыстар тыйылмай тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Алматының полиция департаменті интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа қарсы жұмысты күшейтеді. Бұл туралы департаменттің бірінші жартыжылдықтағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысына арналған кеңесте мәлім болды.

Фото: ҚР ІІМ

Алматы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, қалада қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны шамамен 11 пайызға азайғанымен, алаңдаушылық тудыратын бағыттар әлі де бар.

Полицияның мәліметінше, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, бұзақылық және мас күйде жасалған қылмыстардың өсуі байқалады. Сондай-ақ ауыр қылмыстардың жекелеген санаттары бойынша ашылу көрсеткіші төмендеген.

Осыған байланысты полиция бастығы аумақтық бөлімшелерге профилактикалық жұмысты күшейтіп, қылмыстардың өсу себептеріне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Кеңесте интернет-алаяқтықпен күреске ерекше назар аударылды. 

— Интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту қажет. Қылмыстық қаржы схемаларын жедел бұғаттауды, алаяқтық топтарының барлық қатысушыларын анықтауды, дропперлерді әшкерелеу жұмыстарын жандандыруды және жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын, — деді Айдын Қабдұлдинов.

Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл да күшейтіледі. Полиция жастар арасындағы қылмыстық топтардың жолын кесуге, есірткі зертханаларын анықтап, жоюға, есірткінің таралу арналарына тосқауыл қоюға және есірткі жарнамасын жою жұмыстарын жандандыруға ниетті.

Бұдан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды күшейту, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, полиция жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, бейнебақылау жүйелерін жаңғырту мәселелері де басым бағыттардың қатарына енгізілді.

Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері трансұлттық сипатта 38 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлағанбыз.