Алматыда қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» сахналанды

Фото: Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Қазақстандағы классикалық өнердің негізін қалаған Евгений Брусиловский, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков сынды көрнекті тұлғалардың 120 жылдығына арналған «Қыз Жібек» операсын ұсынды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Бұл тұлғалардың есімдері ұлттық музыка мен театр өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған. Кеш барысында «Қыз Жібек» операсының алғашқы және мыңыншы қойылымынан сирек кездесетін тарихи кадрлар көрсетілді. Театр залында сол аңыз адамдардың дауысы естілді. Кейін олардың ісін жалғап келе жатқан ізбасарлары да сөз сөйледі. 

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» 1934 жылдың 7 қарашасында сахналанды. Сол қойылымда басты партияларды Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков және Қанабек Байсейітов орындады. Олар спектакльге қатысып қана қоймай, Е.Брусиловскийге қазақ музыкасын меңгеруге көмектесіп, операның негізі болған музыкалық материалды таңдауға ықпал етті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Опера музыкасы түгелдей фольклорға негізделген. Онда елуден астам күй мен ән қамтылып, халық музыкасы мен поэзиясының озық үлгілері жинақталған. Қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Кешке мерейтой иелерінің туыстары да қатысты. Ұлттық опера өнерінің тарихи және заманауи мұрасы шырқалып, қойылым барша көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, Қыз Жібек бейнесін сомдаған Меруерт Өтекешова БҚО-ның құрметті азаматы атанды.