Алматыда кеміргіштерге қарсы көктемгі науқан басталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылы 15 наурыз бен 30 сәуір аралығында көктемгі жаппай дератизация жүргізіледі. Бұл жұмысты Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мердігер ұйым – «Эко Сервис Алматы» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырады.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, көктемгі кезең аясында жалпы ауданы 47 гектардан асатын ортақ пайдаланылатын аумақтар дәріленеді. Жұмыстар кеміргіштердің негізгі мекендейтін орындарда: ашық биотоптарда, жасыл аймақтарда, кеміргіштердің індерінде, арық желілерінде, өзен мен су айдындарының жағалауларында, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамалары маңында жүргізіледі.

Сонымен қатар жеке сектор тұрғындарына қолдану жөніндегі толық нұсқаулығымен бірге кеміргіштерге арналған улы жем тегін таратылады.

Қалалық қызметтер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 107-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі аумақтарда дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын өз бетінше жүргізуге міндетті екенін еске салды.

– Осыған сәйкес, жеке тұрғын үйлердің, ғимараттардың және жер аумақтарының дератизациясын олардың иелері жүргізеді. Ал кондоминиум нысандарының ортақ мүлкін – жертөлелерді, шатырларды, баспалдақ алаңдарын және үй маңындағы аумақтарды өңдеу МИБ/ПИК, сондай-ақ меншік иелері мен жалға алушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады, - делінген хабарламада.

Қалалық қызметтер заңды тұлғаларды, МИБ/ПИК-терді өздеріне қарасты ғимараттарда, аумақтарда және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер алаңдарында дератизация жұмыстарын қалалық жаппай өңдеу науқанына қатар ұйымдастыруға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда төрт түлік малды тегін вакцинациялау басталғанын жазғанбыз.