Бұл туралы қалалық дезинфекция орталығының директоры Айнұр Аққошқарова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Спикердің сөзінше, Алматыда орманды алқап пен қала саябақтарында, скверлерінде кенелерге қарсы дезинфекциялық өңдеу жұмыстарының 1 кезеңі басталды. Жалпы өңделетін аумақ 4 733,12 гектар. Бұл іс-шараларға 144 152 000 теңге бөлінді, бірінші кезеңге 72 млн теңге жұмсалады.
— Биыл жаңа «Ципертрин» препараты қолданылатын болады. Препарат гектарына 0,75 литр тұтыну нормасымен 3 579,6 литр көлемінде сатып алынды. Кенелердің тәуелділігін болдырмау үшін құралдар жыл сайын жаңартылып отырады. Мысалы, 2023 жылы «Фаворит В.К. Е.», 2024 жылы «Дельтекс» қолданылды, — дейді ол.
Айтуынша, жұмыстар арнайы дайындықтан өткен дезинструкторлар мен дезинфекторлар тарапынан жүргізіліп жатыр. Барлық маман тұрақты түрде нұсқаулықтан өтіп, қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
— Қазір орталықтың қарамағында ыстық және суық тұман термогенераторларымен, гидропульттермен, «Фазенда» бүріккіштерімен, сондай-ақ автокөліктермен жабдықталған екі мобильді бригада бар. 2025 жылы үш жаңа жабдық және 5 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары сатып алынды, — деп атап өтті Айнұр Аққошқарова.
Осыған дейін ШҚО-да кенеден зардап шеккендер саны 80-ге жуықтағаны туралы жазғанбыз.