Алматыда кей әлеуметтік төлем түрлері қысқарды: нені білу қажет

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

Сессия барысында Алматыда әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу мәселесі қаралды. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов қаладағы әлеуметтік көмек тетіктерін бірыңғай республикалық тәсілдерге сәйкестендіру қажет екенін атап өтті.

Айтуынша, осы күнге дейін жергілікті бюджеттен берілетін әлеуметтік көмек азаматтардың мұқтаждығы ескерілмей, олардың санатына байланысты берілген. Оның орнына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған скорингтік модель ұсынылды. Адамдардың әл-ауқаты 1-5 деңгей аралығында бағаланып, әлеуметтік көмек нақты мұқтаж жандарға беріледі. Атап айтқанда:

1. Аса мұқтаждық;

2. Мұқтаждық;

3. Салыстырмалы түрде тұрақты жағдай;

4. Тұрақты жағдай;

5. Жайлы.

Сондай-ақ ұсынылған өзгерістер бойынша мерекелік және атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмек енді 5-10 мың теңге көлемінде берілмейді. Мұндай төлемдердің төменгі шегі кемінде 5 АЕК (21 625 теңге) болуы тиіс.

Маңызды өзгерістердің бірі — орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда берілетін әлеуметтік көмек республикалық ең төменгі күнкөріс деңгейіне теңестірілді. Яғни, бұрын Алматыда айлық табысы 71 515 теңгеге дейінгі азаматтар мұқтаж ретінде танылып, көмек ала алса, жаңа ұсыныс бойынша бұл шек 50 851 (респбуликалық деңгей) теңгеге дейін төмендейді.

Қысқарған әлеуметтік төлем түрлері

Мәслихат шешімі бойынша Алматыда әлеуметтік көмектің жекелеген түрлері қысқартылды. Олар:

— Жеке тұрғын үй иесіне газ жабдықтарын орнатуға берілетін төлем. Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, бұл көмек түріне қазір сұраныс аз. Былтыр тұрғындардан екі, ал биыл бір ғана өтініш түскен.

— Көпбалалы отбасылардан шыққан үздік студенттерге берілетін 10 000 теңге мөлшеріндегі сыйақы. Бауыржан Жаубасов бұл әлеуметтік төлем көпбалалы отбасылардың студент балаларына беріліп келгенін, алайда соңғы үш жылда оған сұраныс болмағанын атап өтті.

— Түзеу мекемелерінен босатылған тұлғалар 1,5 ай ішінде 10 АЕК мөлшерінде берілетін біржолғы әлеуметтік төлем. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының сөзінше, қазір бұл төлем республика бойынша алынып жатыр. Себебі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар өмірлік қиын жағдайға тап болған кез келген азамат сияқты 20 АЕК көлемінде біржолғы төлем алуға құқылы.

— 6,5 АЕК көлеміндегі тұрғын үй төлемдері. Бауыржан Жаубасов бұл төлем де 20 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлемнің құрамына енетіндіктен алынып тасталатынын айтты.

Сонымен қатар бұған дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына жергілікті бюджеттен 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары беріліп келген. Алайда бұл сертификаттар енді республикалық бюджетке ауысты. Сондықтан бұл төлем қала әкімдігінің құзыретінен алынып тасталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда желтоқсаншыларға берілетін бір жолғы төлем 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін артты.