Алматыда қыркүйекте тұмауға қарсы вакцинация басталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе ала алады. Бұл туралы Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.
Оның сөзінше, осы жылы жергілікті әкімшіліктің қаражатына осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 250 000 доз көлемінде Гриппол плюс вакцинасы сатып алынады.
- Тәуекел тобындағы адамдарды вакцинациялау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Вакцинация 2025 жылдың қыркүйек айының екінші жартысынан бастап 30-қараша дейін жүзеге асырылады, - деді ол.
Әсел Қалықова жыл сайын жұқпалы аурудың күз-қыс мезгілінде үдейтінін атап өтті. Маман тұмауды уақтылы емдемеу пневмония, бронхит тәрізді түрлі асқынуларға, сондай-ақ жүрек қантамырларының, жүйке жүйесіндегі, созылмалы аурулардың асқынуына әкелуі мүмкін екенін айтты.
- Тұмау әсіресе, өмірге жаңа келген сәбилер, егде жастағы кісілер мен әлсіз адамдар өмірі үшін қауіпті. Статистика бойынша тұмау кезінде асқыну жағдайлары әрбір 10-шы науқаста ұшырасады. Әлемдегі тұмаудан сақтанудың негізгі жолы -вакцинация. Жыл сайын Алматы қаласында тәуекелі жоғары топтарда вакцинация жүргізіледі, - деді Әсел Қалықова.
Еске салайық, БҚО-да тұмауға шалдыққандар саны 8,9 есе өсті.