Алматыда қысқы маусымға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автопаркті жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы мегаполистің коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мәлімдеді.
«Алматыда қысқы кезеңде қалаға қызмет көрсету үшін 918 бірлік техника бар, жолдар мен тротуарларды тазартуға 1 400 жол жұмысшысы тартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 2,7 мың км асатын 2318 көшеде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады басқармадан.
Күндізгі уақытта қала көшелерін тазалауға шамамен 600 техника мен 800 жол жұмысшы жұмылдырылады. Ал,түнгі ауысымда 220 бірлік техника және 250 адам тартылмақ.
«10 мердігер ұйым қысқы кезеңде дайындық жұмыстарын аяқтады. Өндірістік базалар, арнайы техника, жүргізушілер мен жол жұмысшыларына арналған демалыс бөлмелері, көктайғаққа қарсы және жанар-жағармай материалдарын, қосалқы бөлшектерді, қажет құралдарын, қысқы арнайы киімдерді сатып алу, қысқы жабдықтар жиынтығын орнатумен барлық маусымдық техниканы қайта жарақтандыру, сондай-ақ қар үйінділерінің орналасу орындарын келісу және тағы басқалары»,-делінген хабарламада.
Бұдан бөлек,«Алматы Тазалық» МКК автопаркін жаңарту үшін 22 мамандандырылған техника сатып алынды. Тағы 10 бірлік жыл соңына дейін жеткізіледі.
«Қалың қар жауған жағдайда қаланың құрылыс ұйымдары қосымша 150-ге дейін самосвалдар мен тиегіштерді, сондай-ақ жұмысшы санын 1000-ға дейін жеткізеді»,- деп атап өтті басқармадан.
Бұған дейін хабарланғандай, алдағы 3 тәулікте күн жылынады.