Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жабылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылу салтанаты өтіп жатыр.
Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылуына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды.
Оған екі елдің туризм индустриясының 300-ден астам өкілі қатысты. Форум аясында Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы қорытындыланды.
— Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ашылу салтанаты Бейжің қаласында өтсе, жабылу салтанатына қонақжай Алматыда жиналып отырмыз. Мұның да сәйкестігі бар, Бейжің мен Алматы елдеріміз арасындағы ең сұранысқа ие бағыттар. Шекара қызметінің деректеріне сәйкес қазақстандықтардың Қытайға сапары 31%-ға, ал Қытайдан Қазақстанға келген меймандар қатары 50%-ға арта түсті. Бұл көрсеткіштер Қытайдағы Қазақстан туризм жылы аясында атқарылған жобалардың нақты нәтиже беріп жатқанын сенімді түрде көрсетеді. Биыл 30-дан астам іскерлік және мәдени іс-шаралар сәтті өтті. Бұл халықтарымыз арасындағы өзара қызығушылықты арттыруға ықпал етті, — деді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.
Ал Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй екі ел арасындағы әуе рейстердің көбейгенін атап өтті.
— Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жарияланған сәттен бастап, екі елдің мәдени және туристік ұйымдары әртүрлі іс-шаралар өткізе бастады. Қонаев, Түркістан қалаларында Ұлы Жібек жолын зерттеу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасында бір аптадағы әуе рейстері 70-ке жуықтады. Қытайдың барлық ірі қалаларынан тікелей рейстер ашылды. Енді келесі жылы Қазақстанда Қытай туризмінің жылы өтеді. Сондықтан біз қазақстандық меймандарды асыға күтеміз, — деді Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй.
Айта кеткен жөн, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында 2024 жыл — «Қытайдағы Қазақстан туризм жылы» деп жарияланған болатын.
Еске салайық, наурыз айында Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризм жылы халықаралық туризм мен инвестицияларға арналған форумнан басталғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, бұған дейін Қазақ-қытай форумында Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны таныстырылғанын хабарлаған едік.