Алматыда қытайша сөйлейтін гидтерді оқытып, біліктілігін арттырамыз – Ерболат Досаев
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Алматыға «Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» мәртебесі берілген еді. Нәтижесінде ШЫҰ елдерінен келетін туристер саны 27,6% артып, 323 мың адамға жетті. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтып берді.
«Сондай-ақ, биыл «Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан туризмі жылы» болып жарияланды. Жыл бойы Қытайдың ең маңызды 3 туристік көрмесіне қатысу және Шанхай, Гонконг, Бейжің, қосымша Сиань қалаларында Алматы қаласының туризм күндерін өткізу жоспарланып отыр», - деді Е.Досаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
2024 жылдың мамыр айында Алматы қаласының әкімдігі танымал шетелдік ақпараттық порталдарда қаланың туристік әлеуеті туралы маркетингтік науқандарды, блогерлер мен туристік операторларға арналған турларды іске қосты. Олар осы жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.
«Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2024 жылдың маусымынан тамызына дейін қытай тілінде сөйлейтін гидтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Жалпы жыл соңына дейін 15 іс-шара өткізіледі. Бұл ШЫҰ елдерінен келетін туристер санын 400 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді мегаполис әкімі.
Осы жылдың шілде-тамыз айларында «Гастрофест» гастрономиялық-туристік фестивалі мен Халықаралық конақ үй форумын өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Алматыға келетін шетелдік туристер саны 30% дейін өсіп, 540 мың адамға жетті. Әсіресе, Үндістаннан, Италиядан, Оңтүстік Кореядан, Қытай, Ұлыбритания және АҚШ-тан туристердің жиі келетіні байқалған.