Алматыда қызылша жұқтырған 1994 баланың 1880-і екпе алмаған

Алматыда қызылша жұқтырғандар азаймай тұр. Наурыздан бері екі жарым мыңнан астам адам осы дертке шалдыққан, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: gov.kz

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметінше, қазір қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі. Мегаполисте наурыздан бастап зертханалық жолмен расталған 2509 жағдай тіркелді, оның 1994-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында (79,4 пайыз) анықталды.

«Ал былтыр қалада зертханалық жолмен расталған қызылша мен қызамық тіркелген жоқ. Ауырған 1994 баланың 1880-і екпе алмаған (94,2 пайыз), оның ішінде вакцинациядан бас тартқан 1354 жағдай болған (72,02 пайыз), медициналық қарсы көрсетілімдері бар 260 жағдай болса(13,8 пайыз), 259 жағдайда (13,7 пайыз) екпе алатын жасқа жетпеген. Басқа себептермен екпе алмаған 6 жағдай тіркелсе (0,35 пайыз), екпе туралы деректері жоқ 1 жағдай (0,05 пайыз) болған»,- деп хабарлады департаменттен.

Қызылшаға қарсы вакцинация – қызылшаны жұқтыруды, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді құрал.

«Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет, біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті күшейтуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты ата-аналарды өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, екпелерді уақытында алуға, сондай-ақ қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде баланы вакцинациялауға шақырамыз»,- деп атап өтті ведомстводан.

Бұған дейін инфекциялық ауруханалар қызылша жұқтырған науқасқа толы екенін жазған болатынбыз.