Алматының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының хабарлауынша, жобаны іске қосу аясында жол қызметтері арнайы сары түсті жолақтарды сызу және тиісті жол белгілерін орнату жұмысын бастап кетті. Барлық жұмысты 19 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, арнайы жолақты енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттыру, жол қозғалысын реттеу және қаланың ең қарқынды көлік дәліздерінің бірінде қауіпсіздікті күшейту.
– Жаңа қозғалыс схемасы автобустардың тұрақты әрі болжамды қозғалысын қамтамасыз етуге, жалпы көлік ағынындағы кідірісті азайтуға және маршруттардың қозғалыс кестесінің сақталуын жақсартуға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.
Пилоттық режим қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға және жол қозғалысына қатысушылардың өзгеріске кезең-кезеңімен бейімделуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ведомство осыған байланысты жүргізушілерден жол белгілері мен жол таңбаларына мұқият назар аударып, бағытын алдын ала жоспарлауды ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобустар Саин көшесінің ұзартылған бөлігімен жүре бастағанын жазғанбыз.