Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда buslane жолақтарының жалпы ұзындығы – 84 шақырым. Қосымша тағы 56 шақырым арнайы жолақ ұйымдастыру жоспарланған. Соның нәтижесінде арнайы жолақтардың жалпы ұзындығы 140 шақырымға жетпек.
Қалада пилоттық режимде Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді. Биыл маусым-шілде айларында осыған ұқсас шешімдерді қаланың басқа да көшелерінде енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговой, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Велосипед инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылған. Алматыдағы веложолдардың ұзындығы – 89 шақырым. Қосымша тағы 38,5 шақырым жаңа веложол салу көзделген.
Сонымен қатар қалада 3 842 жол белгісі қалпына келтіріліп, ауыстырылып немесе жаңадан орнатылды. Ал жол таңбалары көше-жол желісінің 1 700 шақырым аумағында сызылды.
Сондай-ақ электросамокаттар үшін қалалық орта ерекшеліктеріне қарай жаңа жылдамдық режимдері енгізіліп, микромобильді көлік құралдарын пайдалану талаптары күшейтіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус жүргізушілерінің жұмысын бақылау үшін арнайы қызмет құрылғанын хабарлағанбыз.