Алматыда қоғамдық орында балағаттаған шетелдік 10 күнге қамалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қоғамдық орында балағат сөздер айтып, бейнежазба жариялаған шетелдік жазаланды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бейнежазбадағы әйел Қазақстандағы банк пен ХҚКО жұмысына шағымын бейәдеп сөздермен жеткізеді. Сондай-ақ мұнда өзіне “Ресейдегі өзбектерге секілді” нашар қарайтынын айтады. Бұл мәлімдеме қазақстандықтар арасында үлкен наразылық тудырды.

Алматы қаласының полиция департаменті аталған дерек бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізгенін хабарлады.

- Шетелдік азаматтың қоғамдық орында дөрекі түрде бейәдеп сөздер айтқаны анықталды. Ол осы әрекетімен қоғамдық тәртіпті және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзған. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар қарау және процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, Алматыда биыл 4 мыңнан астам шетелдік жауапқа тартылды.