Алматыда қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар азайған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майор Арыстанғани Заппаров халық алдындағы жыл сайынғы есеп беру жиынын өткізді, деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Polisia.kz

Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, Алматы полициясының қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды орындауға, сондай-ақ барлық саладағы қызметті жақсартуға бағытталған. Ол сондай-ақ қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты және бақылауда, қылмыстарды ашудың тиімділігі артқанын хабарлады.

«Қылмысты талдау деректері бойынша қабылданған шаралардың арқасында қылмыстар 23,9%-ға қысқарды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 3,4%-ға, көшеде жасалатын қылмыстар 18,8%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстар 19,6%-ға азайды. Өткен жылы атқарылған бірқатар іс-шара қылмыстың азаюына ықпал етті. Біз қала әкімдігі мен Ішкі істер министрлігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтарының өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін барлық шараларды жүзеге асырып жатырмыз», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы.