Алматыда қоғамдық орындарды ластаған 8 мың тұрғын жауапқа тартылды

Фото: Видеодан скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қоғамдық орындарды ластаған 8 мың тұрғын жауапқа тартылды. 

Алматы қаласы полиция департаменті рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастау, коммуналдық мүлікті бүлдіру, аулалар мен кіреберістерді ластау секілді ұсақ құқық бұзушылықтар тұрғындардың өмір сапасына және қаладағы жалпы құқықтық тәртіп деңгейіне тікелей әсер ететінін хабарлады.

— Ұсақ құқық бұзушылықтардың өзі адамдарда жауапсыздық сезімін қалыптастырып, уақыт өте келе анағұрлым ауыр заң бұзушылықтарға әкелуі мүмкін. Заңнамада ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін 10-нан 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген, — деді Алматы полициясы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары Алматыда 8 мыңнан астам қоқыс тастау мен қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтаған. Полиция департаменті осындай сәттердің топтамасын бейнежазба ретінде жариялады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қоғамдық орындарды ластағаны үшін 6 мың адам айыппұл арқалағанын жазғанбыз.