Алматыда қоғамдық орындарды ластағаны үшін 6 мың адам айыппұл арқалады

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» науқаны жүріп жатыр.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері мегаполистің 19 табиғатты қорғау бекетінде автокөліктер тарапынан экология талаптарды бұзудың 12 мыңнан астам дерегі анықталған.

— Экологиялық қауіпсіздік — азаматтарымыздың денсаулығына және шаһардың таза ауасына қосылған нақты үлес. Тәртіп бұзушылар қоршаған ортаны ластау жауапкершілік екенін түсінуі керек. Экологиялық бекеттердің арқасында біз тек анықтап қана қоймай, зиянды салдардың алдын аламыз, — деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Тәртіп сақшылары жүк және құрылыс техникаларына, сондай-ақ артынан лас із қалдыратын көліктерге назар аударып отыр.

Сонымен қатар биыл Алматыда абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 15 мыңнан астам хаттама толтырылса, ал қоғамдық орындарды ластағаны үшін 6 мыңнан астам хаттама рәсімделген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 6 автобус маршруты уақытша өзгеретінін жазғанбыз.