Алматыда көкжөтел жұқтырғандардың дені вакцина салдырмаған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көкжөтел жұқтырғандар көбейді. Былтыр 5 жағдай тіркелсе, биыл бес айдың өзінде 62 балаға көкжөтел тиген. Олардың басым бөлігі – 14 жасқа толмағандар.
«Оның 35-і (56,4%) көкжөтелге қарсы екпеден бас тартуына, 14-і (22,5%) медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты вакцина қабылдамаған. 16 пайызға жуығы – екпе жасына жетпеген бала. Ошақтарда байланыста болған 334 адам тексерілді, нәтижелері – теріс. Байланыста болғандарға емханалардың медицина қызметкерлерінің медициналық бақылауында»,- Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Маманың айтуынша, алғашында науқаста қарапайым суық тиюдің белгілері болады. Кейін жөтел дендеп, баланың дене қызуы көтеріледі. Оның алдын алу жолы – уақытында екпе егу.
Жалпы нәрестеге 2, 3, 4, 18 ай болғанда вакцина салдыруға болады.
«Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцинация. Көкжөтелге қарсы егу 2, 3, 4 және 18 айлық жастағы балаларға көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде кешенді вакцинамен жүргізіледі. Бұдан әрі 6 жастағы балалар АбКДС күшейткіш дозасымен егіледі», - деді ол.