Әкімдіктің мәліметінше, қалада қатты жел мен жаңбырдың салдарынан 26 ағаш құлаған. 29 наурыздың таңғы уақытына дейін барлық учаске тазартылып, құлаған ағаштар кесіліп, сыртқа шығарылды.
Түнгі уақытта судың арықтармен кедергісіз ағып кетуі қамтамасыз етілді. Барлық арық өткелдері тазартылды, су басатын орындарға 344 бірлік арнайы техника мен 163 жұмысшы жұмылдырылды. Қауіпті учаскелерде су басудың алдын алу мақсатында 953 қап инертті материал пайдаланылды.
Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты түнгі уақытта «АЖК» желілері 25 рет ажыратылды, электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді. Ағаштың құлауына байланысты «ҚазТрансГазАймақ» АҚ желісінде 2 рет жарық сөнді. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
28 наурыздағы ауа-райының күрт нашарлауы мен жылдамдығы 18-24 м/с дейін соққан қатты желден «Ақсай-4» шағын ауданында № 132 мектептің шатырының бөлшегі ұшып кетті. Мектеп 1988 жылы салынған, соңғы күрделі жөндеу жұмысы 2007 жылы жүргізілген. Мердігер ұйымдардың күшімен каникул аяқталғанға дейін мектеп шатыры жөнделмек.
Бостандық ауданында Құрылыс және менеджмент колледжінің шатырына зақым келді. Оны ғимарат иелері қалпына келтіретін болады.
Сигналды жедел өңдеу мақсатында қалалық ТЖД-да жедел желі ашылып, «112» операторларының саны артты. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, зардап шеккендер жоқ. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
«Көлікке ағаш құлаған жағдайда, ағаштың құлау фактісін тіркеу және оқиғаның сызбасын жасау үшін жол патрульдік полициясын шақыру қажет. Келтірілген залалды өтеу үшін залалдың құнын бағалау жүргізу керек. Сонымен қатар, келтірілген залалды өтеуге жауапты адамды анықтау үшін мемлекеттік органдарға өтініш жазу арқылы сотқа дейінгі наразылық жұмыстарын жүргізу, қажет болса залал сомасын өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгіну керек», — деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Айта кетейік, Қазгидрометтің болжамынша 29 наурызда 2 мм-ге дейін, 30 наурызда 8 мм-ге дейін жаңбыр жауады деп күтіледі.
Еске салайық, Алматыда кеше жел күшейіп, шаңды дауыл тұрды. Дауылдың арты жаңбырға ұласты. https://kaz.inform.kz/news/almati-auezhayinda-reyster-keshgp-zhatir-5cb9cb
Алматылық құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген қызметке көшкенін хабарлағанбыз.