Алматыда көлік аударылып, бір адам мерт болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы қаза болды.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін таңғы сағат 04:50–де Алматының Алатау ауданында болған. «Мерседес» көлігінің жүргізушісі Такижанов көшесімен келе жатып, Үлкен Алматы айналма жолымен көше қиылысында рульді басқара алмай, кедергілерге соқтығысып, кейін аударылып кеткен.
— Өкінішке қарай, жол апатының салдарынан 25 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылды. Полиция департаментінің Анықтау басқармасы адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды, — деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, Алматыда 181 мопед айыптұраққа қойылғанын жазғанбыз.