Алматыда коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда таңғы уақыттан бері жаңбыр жауып тұр.
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, жауын-шашын 2 қазан сағат 01:00-ге дейін жалғасып, жалпы көлемі 17 мм дейін жетуі мүмкін. Түнгі уақытта қалада қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада су басудың алдын алу және оның салдарын жою мақсатында коммуналдық қызметтердің тәулік бойына кезекшілігі күшейтілген тәртіпте ұйымдастырылды. Жұмысқа 117 арнайы техника, 74 мотопомпа, 14 ассенизатор көлігі тартылған. 81 жедел бригада (421 жұмысшы) мотопомпа мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, 2 310 қапшық дайындалған.
– Күндізгі уақытта 387 арнайы техника мен 1 808 жұмысшы еңбек етеді. Түнгі уақытта 153 арнайы техника мен 301 жұмысшы жұмылдырылған. Қаланың тұрғындарына қауіпсіздік шараларын сақтап, түнгі және таңғы уақытта таулы аймақтарға бармауға шақырады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында қар жауды.