Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге ауысты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазгидрометтің болжамына сәйкес 14 наурыз күні сағат 16.00-ден 15 наурыз күнгі сағат 04.00-ге дейін Алматыда биіктігі 8-10 см қар аралас жауын-шашын болады деп күтілуде.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада жайлы қозғалысты қамтамасыз ету үшін коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.
«Қардың түсуіне, жолдың нашар көрінуі және жолдағы көктайғаққа байланысты автокөлік жүргізушілерін жылдамдықты азайтуды, бірден тежегішті баспауды, арақашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауды сұраймыз. Жүргізушілерге ағаштардың құлау қаупі мен электр желілерінің үзілуіне байланысты көліктерді жол жиегіне қоймауға кеңес беріледі. Жаяу жүргіншілер тротуарлармен жүру кезінде абай болуы тиіс, белгіленген жерлерде ғана көшелерді кесіп өту керек», - деп ескертті Алматы әкімдігі.
Айта кетейік, Алматыда күндізгі уақытта қар тазалау жұмысына 463 бірлік техника, 18 мотопомпа мен 1012 жол жұмысшысы жұмылдырылды. 89 бірлік арнайы техника мен 320 жұмысшының күшімен көлденең арық желілерін тазарту жұмыстары аяқталуда. 14 наурызда түнгі уақытта сыртқа 320 м3 қар шығарылды. Қысқы кезеңде барлығы 367,3 мың м3 қар шығарылды.