Алматыда көп әйел алу туралы контент таратқан азамат полицияға жеткізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы құқыққа қайшы контент авторымен профилактикалық әңгімелесу жүргізді.

Фото: Алматы ПД

Кейінгі күндері БАҚ пен әлеуметтік желіде көпәйелдік туралы контент авторы Бауыржан Бақытжанұлының бейнематериалдары кеңінен талқыланды. Бұл мәселеге тәртіп сақшылары да назар аударған.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде ҚР заңнамасына және қоғамда қалыптасқан жалпыға ортақ моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы өмір салтын ашық түрде насихаттаған жарияланымдар анықталған.

— Автордың жеке басы анықталды. Оған құқыққа қайшы контент орналастырғаны үшін ҚР ӘҚБтК 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Профилактикалық әңгімелесу жүргізілгеннен кейін азамат әлеуметтік желідегі парақшасынан жарияланған материалдарды өз еркімен өшірді, — деп хабарлады департаменттен.

Алматы полициясы әлеуметтік желілер қоғамдық ақпараттық кеңістік екенін еске салды. Тәртіп сақшылары заң талаптарына және отбасы институтына деген құрметті төмендететін контентті тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Бұған дейін мектептердегі заңсыз уағыз бен көпәйелділік насихатына тосқауыл қою ұсынылған болатын.