Әуезов ауданының әкімдігінің мәліметінше, «Ақсай-4» ықшам ауданы, 16а мекенжайы бойынша орналасқан 6 қабатты үйдің солтүстік жағындағы қасбеті мен сыртқы қаптамасы (194 шаршы метр) ажырап, 15 тамызда түнгі 2:30-да құлаған. Әуезов әкімдігі қазіргі уақытта «Алматы Тұрғын үй» ЖШС-мен бірлесіп, үйге тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
- Үй 2012 жылы қолданысқа берілді. Үйге және оның қасбетіне кепілдік беру мерзімі 2014 жылы аяқталды. Кепілдік үй пайдалануға берілген сәттен бастап екі жылға беріледі. Осыған байланысты үйді күтіп ұстау жауапкершілігі пәтер иелеріне жүктеледі. «Алматы Тұрғын үй» ЖШС аталған үйді тұрғындар есебінен қалпына келтірудің сметалық құнын есептейді. Бұдан басқа, құрылыс қоқыстарын шығару бойынша жұмыстар жүргізілетін болады, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Еске салайық, бұған дейін былтыр тұтқындалған Алматы урбанистика басқармасының басшысына қандай айып тағылғанын жазған едік.