9 қабатты тұрғын үйдің шатырындағы ерекше нысан Алмалы ауданында, Қазыбек би көшесі, 154/84 үй мекенжайында орналасқан. Өткен жылы әлеуметтік желіде бұл үй кеңінен талқыланған болатын.
Одан кейін Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы үй заңдылығына қатысты сотқа талап-арыз жолдады.
Бір жылға жуық уақыт өткен соң, Kazinform агенттігі нысан бойынша қандай шешім шыққанын анықтап көрді. Қала құрылысын бақылау басқармасының жауабына сәйкес, ерекше үйге қатысты әзірге сот үкімі шықпады, іс қаралып жатыр.
- Басқарма Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотына Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Қазыбек би көшесі, 154/84 үй, 16-пәтер мекенжайында орналасқан объектіні бұзу және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді. Қазіргі уақытта аталған талап арыз бірінші сатыдағы сотта қаралып жатыр, - делінген ведомство жауабында.
Сонымен қатар басқарма өкілдері биыл заңсыз объектілерді бұзуға қатысты 22 азаматтық іс сотта қаралып жатқанын атап өтті.
Айта кеткен жөн, Қазыбек би мен Жұмалиев көшелерінің қиылысында орналасқан үй сатуға шығарылған. Хабарландырудағы мәліметке сәйкес, тұрғын үй шатырындағы нысанның 2001 жылы салынғаны көрсетілген. Жалпы ауданы - 117 м², ал үй төбесінің биіктігі - 2,5 метр. Одан бөлек хабарландыруда 50 м² көлемінде терраса бар екені жазылған. Үй ішінде асханадан бөлек шағын моншада да бар. Жалпы нысан құны - 69,5 млн теңге.
Дегенмен, үй тағдыры сотта шешіліп жатқандықтан, түпкілікті шешім шыққанға дейін оны заңды сатып алу мүмкіндігі жоқ.
Бұған дейін Алматыда заң талаптарын бұза отырып салынған 41 нысан толық немесе ішінара сүрілгенін жазғанбыз.