Алматыда көше бойында жеңіл автокөлік отқа оранды

Алматыда жеңіл автокөлік өртке оранды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Әлеуметтік желіге Алматының көшелерінің бірінде өртеніп жатқан жеңіл автокөліктің видеосы шықты. Видеодағы жазбада автокөліктің Мақатаев көшесінде, «Мега» сауда ойын-сауық орталығының жанында өртенгені жазылған.

Алматы қалалық ТЖД-да бүгін кешкі сағат 19:17-де Алмалы ауданы Мақатаев пен Масанчи көшелерінің қиылысында Kia Rio маркалы автокөлігі өртенгенін хабарлады. Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ.

Осыған орай, қалалық ТЖД көлік жүргізушілерін өрт қауіпсіздігі туралы ескертті.

«Автокөліктен шыққан өрт тез, небары 2-3 минут ішінде таралады. Сол себепті көліктің электр жабдықтарын тек мамандандырылған техникалық қызмет көрсету станцияларында жөндеу қажет. Сондай-ақ көлікте әрдайым жарамды өрт сөндіргіш құралдары болуы тиіс», - деп ескертті ТЖД-да.