Алматыда көшкін қаупі бар 28 учаске бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы көшкін қаупі бар 28 учаске анықталды. . Оның 14-де аудан әкімдіктерінің қаржысы есебінен нығайту жұмыстары аяқталды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың көшкін қаупі бар учаскелерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша кеңес өткізді. Оған ТЖД, Қазселденқорғау, География институты, аудан әкімдіктері мен тиісті басқармалардың өкілдері қатысты.
Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Ерік Жұмабайдың айтуынша, қала шегінде көшкін қаупі бар учаскелерде инженерлік жұмыс басталып, техникалық шешімдер әзірленді.
2024 жылы Алматыда 28 көшкін қаупі бар учаске анықталған. Оның 14-де аудан әкімдіктерінің қаржысы есебінен нығайту жұмыстары аяқталды. Бес нысан бойынша жерді сатып алу рәсімі жүргізіледі. Тағы төртеуінде қала құрылысын бақылау басқармасының талабы бойынша меншік иелері беткейлерді нығайтып жатыр.
2025 жылы ең қауіпті 9 учаскедегі төтенше жағдайларды жою жоспары бекітілді. Олардың әрқайсысы бойынша География және су қауіпсіздігі институтының сараптамалық қорытындысы алынды.
Қауіпті нысандардың қатарына «Медеу» мұз айдынының жанындағы беткей, Медеу ауданындағы Шымбұлақ пен Кеңсай-2-дегі автожол, Бостандық ауданындағы Алма-Арасан жолы; Наурызбай ауданындағы Усиков көшесі және «Ақжартау» бау-бақша қоғамы, сондай-ақ. Жетісу ауданындағы Кемел шағынауданындағы зират жанындағы өзен арнасы, Қожамияров көшесі бар.
Іс-шаралар кешеніне тіреу қабырғаларын салу, тростық-торлы құрылымдарды монтаждау, су бұру арналары мен өзен арналарын нығайту кіреді.
Қала әкімі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауды, әсіресе, тұрғын үйлер мен көлік инфрақұрылымына іргелес учаскелерде шараларды іске асыруға кірісуді тапсырды.
— Көшкін қаупі бар әрбір учаске аудан әкімдерінің жеке бақылауында болуға тиіс. Бұл жай ғана абаттандыру мәселесі емес, бұл тұрғындардың қауіпсіздік мәселесі, — деді Дархан Сатыбалды.
Бұған дейін Алма-Арасан тұрағынан радон көзіне дейінгі бағытты кешенді жаңғырту жұмыстары басталғаны туралы жазғанбыз.