Алматыда көшкін қаупі бар 85 учаске тексерілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тау көшкіндерінің алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылы 85 учаске толық тексеруден өткен. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың 19 ақпанынан бастап мемлекеттік органдар мен сараптамалық ұйымдар мүшелік еткен жұмыс тобы атқарды. Тексеру кезінде 21 учаскенің жағдайы тұрақты деп танылды.
– Ал 16 учаскеде төтенше жағдайлар аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 7 учаске рекреациялық аймаққа енгізіліп, 2 учаске мемлекеттік мұқтаждық үшін сатып алынды. Қауіптің алдын алу және жер бедерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 39 учаске бойынша кешенді шаралар жүргізілді. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және сырғыма қаупін азайтуға бағытталған, - деді аудан әкімі.
Еске салайық, 2024 жылы 8 ақпан күні Медеу ауданының Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануынан лай көшкіні болды.
Кейін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мен республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан 4 адамның денесін тапты.