Алматыда «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты көрме ашылды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты ауқымды іс-шара өтті.

Бұл айтулы мереке халқымыздың бай мұрасын, рухани құндылықтарын дәріптеп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрме кезінде көрермен назарына музей қорында сақталған халқымыздың рухани қазынасын байытқан көрнекті тұлғаларға тиесілі домбыралар ұсынылды. Олардың қатарында халық әншісі, композитор Жаяу Мұса, ұлы Абайдың жары Ділда Алшынбайқызы, ән өнерінің шебері Әміре Қашаубаев, музыка зерттеушісі, композитор және дирижер Ахмет Жұбанов, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі Күләш Байсейітова, академик Қаныш Сәтбаев, театр өнерінің тарланы Елубай Өмірзақов, сондай-ақ Жұбан Молдағалиев, Кәукен Кенжетаев, Әбділда Жангелдин, Қапан Қасымов және басқа да біртуар өнер қайраткерінің домбыралары бар.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сондай-ақ іс-шара барысында «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі мен «Серпер», «Жігер» домбырашылар ансамбльдері өнер көрсетіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Бұл кеште өнер көрсеткен талантты бүлдіршіндер күйші, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектен бата алды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сонымен қатар Секен Тұрысбек өзінің 30 жыл бойы шығармашылық серігіне айналған домбырасын музей қорына табыстады. Көрме аясында күйшілердің шеберлік сағаттары өтіп, ұлттық киім үлгілері ұсынылды.

Бұған дейін Астанада қала күні мерекесіне орай қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі өтетінін хабарлаған едік.