Алматыда күн сайын 300-дей бала жарақат алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жазғы демалыс басталғалы бері Алматыда жарақат алған балалардың саны жылдағыдай артып барады. Соның ішінде ең көп кездесетіні — әткеншекте, белтемір мен спорт алаңында алған жарақат пен велосипед, самокат пен роликті коньки теуіп жүріп жарақат алғандары.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматолог-ортопеді Бақыт Қожахановтың айтуынша, жаз мезгілінде Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травмпунктіне күн сайын әртүрлі жарақат алған 300-дей бала көмек сұрап келеді екен.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

— Велосипед, самокат теуіп, белтемір мен ойын алаңында жүріп алған көшедегі жарақат бірінші орында тұр. Балалар футбол ойнайды, құлап, қол-аяғын сындырып, шығарып алады. Тіпті жай ғана жүгіріп келе жатып құлағанның өзінен де ауыр жарақат алуы мүмкін, — дейді Бақыт Қожаханов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жыл сайын травматологиялық пункт 32 мыңнан астам науқасты қарайды. Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жалпы 53 мыңнан астам бала медициналық көмекке жүгінеді. Шамамен 3 мың бала жыл сайын стационарда ем алады.

Дәрігердің айтуынша, қаладағы халық саны өсіп бара жатқандықтан, балалар жарақаты да жыл сайын 5-10% артып барады екен.

Мамандарды жылда трезеден құлап жатқан балалар да алаңдатып отыр. Жыл сайын Алматыда дәл осындай 7-10 оқиға тіркелетін көрінеді.

Терезесі ашық бөлмеге, қорғаныш құралы жоқ үйге қараусыз тастап кететіндіктен, көбінесе 3-5 жас аралығындағы балалар көп зардап шегеді.

— Ата-анасының қауіпті ескермеуі осындай оқыс оқиғаға түрткі болып жатады. Кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға мүлдем болмайды. Терезеге қорғаныш құрылғылар орнату қажет, — дейді Бақыт Қожаханов.

Оның айтуынша, Алматыда ауыр жарақат алған балаларға тәулік бойы екі мамандандырылған балалар ауруханасы медициналық көмек көрсетеді. Биыл терезеден құлаған балалар әзірге тіркеле қоймапты.

Маман сондай-ақ ата-аналарға жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсету ережелерін еске салды. Бала құлаған жағдайда оның жағдайын бағалап, қан кетсе тоқтатуға тырысып, дереу дәрігер шақыру қажет.

— Жедел жәрдем келгенге дейін балаға су, тамақ немесе ауырсынуды басатын дәрі беруге болмайды. Бұл шұғыл медициналық көмекті қиындатып, қажетті процедураларға дайындық уақытын ұзартады, — деп түсіндірді дәрігер.

Бақыт Қожахановтың айтуынша, ең көп жарақат алатындар 5 пен 15 жас аралығындағылар, балалар осы кезде өте белсенді болғандықтан, көбіне көшеде ойнап жүріп көп жарақат алады екен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жыл басынан бері төрт бала терезеден құлап кеткенін жазған едік.