Алматы экология және қоршаған орта басқармасының «Жасыл Алматы» КММ мамандары субұрқақ кешендерін суық мезгілге дайындап жатыр. Жұмыстар 1-10 қазан аралығында кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
— Субұрқақтар тоқтатылып, суы ағызылады, тостағаны мен жабдықтары тазартылады. Сондай-ақ мамандар инженерлік жүйелерді үрлеп, құрғатады, ал жабдықтардың кейбір құрылымдары алынып, қысқы сақтауға жіберіледі, — делінген хабарламада.
Консервациялау жұмыстары инженерлік желілер мен жабдықтарды төмен температураның әсерінен қорғау үшін қажет. Әр нысанның техникалық ерекшеліктері ескеріледі.
Жұмыстарды 10 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Қысқы кезеңнен кейін мамандар техникалық қызмет көрсетіп, субұрқақтарды жаңа маусымға дайындайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда субұрқақтағы су неліктен боялып жатқаны айтылды.