Алматыда күндіз жүк көліктерінің қалаға кіруіне шектеу қойылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жүк көліктеріне арналған жаңа жол белгілері орнатылып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысын шектейтін жол белгілерін орнату жұмыстары басталды. Шектеу күн сайын сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін Саин көшесі – әл-Фараби даңғылы – Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) – Рысқұлов даңғылы аралығындағы аумақта қолданылады.

Фото: Алматы әкімдігі

 

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, жол белгілерін орнату жұмыстары 24 шілдеге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 25 шілдеден бастап барлық ұйымдастыру шарасы аяқталған соң, жүк көліктерінің қозғалысына қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді.

Жоба Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

- Жаңа тәртіп қаладағы жол қозғалысын жеңілдетуге, қозғалысы ең қарқынды магистральдардағы жүктемені азайтуға, жол қауіпсіздігін күшейтуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Осыған байланысты жүк көліктерінің жүргізушілеріне қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, жаңа жол белгілерінің талаптарын және полиция қызметкерлерінің нұсқауын орындауға кеңес беріледі, - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа экологиялық талаптар күшіне енуіне байланысты 2027 жылы қандай шектеулер болатынын жазғанбыз.