Алматыда күніне 70 жұп неке қияды

Фото: freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 4600-ге жуық неке тіркелген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы хабарлады. 

Ресми мәліметке сәйкес, мегаполисте күніне орта есеппен 70-ке жуық неке қию рәсімі өткізіледі. Неке қиюға өтініш білдірушілердің орташа жасы қыздар арасында — 29 жас, ал жігіттер арасында — 32 жас.

Бір қызығы, некеге тұруға өтініш берген азаматтардың ішіндегі ең үлкені — 92 жастағы ер адам. Ал ең жас жұп заңда белгіленген талаптарға сәйкес рұқсат алып, 16 жасында отбасын құрған.

Сондай-ақ жыл басынан бері шамамен 934 жұп некені бұзу туралы өтініш берген. Ажырасуға өтініш білдірушілердің орташа жасы ер адамдар арасында — 39 жас, әйел адамдар арасында — 37 жас. Сондай-ақ осы кезеңде 409 жұп шетел азаматтарымен некесін тіркеген.

— Алматы қаласында неке тіркеу көрсеткішінің жоғары болуы — мегаполистің демографиялық белсенділігінің айғағы. Біз азаматтарға қолайлы әрі ашық қызмет көрсету үшін процестерді үнемі жетілдіріп келеміз. Өтінішті онлайн беру және салтанатты рәсімді алдын ала брондау азаматтардың уақытын едәуір үнемдейді, — деп хабарлады мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы.

Еске салайық, неке қиюға өтінішті кемінде 15 күн бұрын тапсыру қажет. Қызметті Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы АХАТ бөлімшелері, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады.

Бұған дейін Қазақстанда неке жүзігінің бағасы өскенін жазғанбыз.