Алматыда құрақ көрпе жинаудан әлемдік рекорд орнатылды

Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаңа әлемдік рекорд орнатылды. 

Медеу мұз айдынында ерекше мәдени іс-шара өтті. Аламан құрақ қауымдастығының ұйымдастыруымен мұзайдын алаңын толық қамтыған құрақ көрпелер бірге жиналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер Медеуде бас қосты. Ал олардың жұмысын GBR дүниежүзілік рекордтар кітабының өкілдері бағалады.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Global Book of Records дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов бұл бастаманың қалай іске асқанын атап өтті.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Әлемде әйгілі 4 дүниежүзілік рекордтар кітабы бар. Оның ішінде Global Book of Records мәдени рекордтарға көп көңіл бөледі. Біздің Мумбай мен Дубайдағы офистерімізге Қазақстанның Аламан құрақ қауымдастығынан этно-рекорд тіркеуге ұсыныс түсті. Бізді қызықтырғаны — Қазақстанның барлық 20 өңірінен 660 құрақшы келді. Екіншіден, біздің кітап ЮНЕСКО-ның материалдық мәдениетті сақтау бағдарламаларын қолдайды. Сондықтан бұл бастаманы қолдайық деп шештік. Себебі қазақтың құрақ көрпесінің тарихы 2,5 мың жылға кетеді, — деді ол.

 

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сондай-ақ Қуандық Құдайбергенов Алматыда орнатылған рекордтың ерекшелігін атап өтті.

— Бұл құрақтың ерекшелігі — рекорд орнатуға ұсыныс бойынша құрақ көрпелердің барлығы бір түсті, салмағы мен өлшемі бірдей бір материалдан жасалды. Әлемде бірде бір кітапқа мұндай рекорд тіркелмеген, — деді инспектор.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның айтуынша, рекорд тіркеу үшін жиналған құрақтардың өлшемдерін өзі және мегаполиске арнайы келген Чехия мен Францияның мамандар тексерген. Ал қорытынды шешім Мумбай қаласындағы негізгі кеңседе қабылданды.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ұйымдастырушылар мәліметінше, іс-шараға атсалысқан құрақшылардың ең кішісі 6 жаста, ең үлкені — 90 жаста. Одан бөлек 660 адамның бесеуі ер адам, 24 бала және 17 жасөпірім бар. Ал өңірлер бойынша бастамаға қатысқан ең үлкен делегация Алматы қаласы (93) мен Түркістан облысынан (99).

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Аламан құрақ жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайханның айтуынша, бұл жоба қатарынан үшінші жыл өтіп, жыл сайын рекорд жаңартып келеді.

— Бірінші жылы 200 құрақшы Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Былтыр 5 дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 450 құрақшы 450 көрпе тікті. Биыл 660 құрақшы еліміздің бүкіл аймағынан кеп көрпе төсеп жатыр. Бәрі бірдей үлгі мен есебі жіберілді. Соны алдын ала тігіп әкелді, қазір бір-бірініне қосып үлкен кілем шығардық. Жобаның мақсаты — қазақтың құрақ көрпесін әлемге таныту. Қазіргі таңда мыңға жуық адамның басын қосып отыр. Бұл жоба осымен тоқтамайды. Қазақтың құрақшылары тек көрпе тігумен шектелмейді, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейді, қазақтың құрағын бренд ретінде қалыптастыруға көмектеседі, — деді Нұргүл Абайхан.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ал Жетісу облысынан арнайы келген 87 жастағы құрақшы Тұмарбала Сәлекеиева тігінмен бала кезінен айналысатынын атап өтті. Ол қазақы өнерді өзінің балаларына да үйреткен. Кейуананың қызы да осы бастамаға қатысып отыр.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Бүгін көрпе тігіп әкелдім. Қолың білсе, көкірегің сара болса, қиын емес. Қазақ құрақтай құралсын деп тілеймін. Құрақтай құралсақ, үлкен боламыз, кең боламыз, — деді ел анасы.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қазақстанның ең ұзын лағманы жасалып, жаңа рекорд орнатылды.