Алматыда құрылыс талаптарын бұзған тағы бір компания лицензиясынан қағылды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда құрылыс нормаларын өрескел бұзған мердігер ұйымдарға қатысты шаралар қабылдау жалғасып жатыр.

Қала құрылысын бақылау басқармасы тағы бірқатар ұйымға қатысты шаралар қабылданғанын мәлімдеді. 

– Мемлекеттік «№174 мектеп-гимназиясы» ғимаратына салынған қосымша нысанның құрылысы бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында жобалық шешімдерден ауытқу және мемлекеттік құрылыс нормаларының сақталмауы анықталды. Осыған байланысты «Құрылысшы-ТБС» ЖШС құрылыс қызметінің бірқатар кіші санаты бойынша лицензиясынан айырылды, - деп хабарлады басқармада.

Ведомствоның мәліметінше, аталған нысандарда жұмыс жүргізген екі мердігер ұйым да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. 

Бұған дейін «AsiaMaх» ЖШС-і Әбіш Кекілбайұлы көшесіндегі сыртқы кәріз желісін қайта жаңарту жұмысы бойынша, «СК 7 строй» ЖШС-і көркейту және білім беру нысандарындағы құрылыс жұмысы үшін құрылыс лицензиясынан айырылды. 

Еске салайық, оның алдында техникалық қадағалауды тиісінше орындамаған «Алатау сапа құрылыс» ЖШС аккредитациясынан айырылған еді. Ұйым қызметкерлерінің бақылауды дұрыс жүргізбегенінің кесірінен Яссауи мен Дастан көшелерінің қиылысында асфальт опырылған. Сондай-ақ Аманжол көшесіндегі жол жабындысының шөгуіне жол берген «Аркада KZ» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.