Төтенше жағдай туралы хабарлама 112 пультіне Сүйінбай даңғылындағы нысаннан түскен. Оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері бір қабатты қойма ғимаратының ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.
Өртті жедел жою үшін арнайы штаб құрылып, ТЖМ бөлімшелері, қалалық құтқару қызметі, өрт сөндіру пойыздары, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және басқа да жедел қызметтер жұмылдырылды. Суды үздіксіз жеткізу үшін ТЖМ-нің өрт сөндіру автопойызы мен «ҚТЖ» өрт сөндіру пойызы тартылды.
Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде қоймадағы тауарлық-материалдық құндылықтардың едәуір бөлігі сақталып, өрттің көршілес ғимараттарға таралу қаупі жойылды.
ТЖМ мәліметінше, өрт толықтай сөндірілген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Ведомство тұрғындар мен кәсіпкерлерді өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға үндеді. Төтенше жағдай болған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы таулы аймақта құрғақ шөп өрті сөндіріліп жатқанын жазғанбыз.