Алматыда құтқарушылар Үлкен Алматы өзені аумағында кезекшілік етеді

109 құтқару қызметінің қызметкерлері Үлкен Алматы өзені аумағы мен Тұйықсу шатқалында кезекшілік етеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының құтқару қызметінің құтқарушысы Досым Нәдірбеков айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ТЖМ

Айтуынша, Үлкен Алматы өзені мен Тұйықсу шатқалының аумағында орналасқан екі бақылау-құтқару бекеті адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұнда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етеді.

«Егер адамдар қиындыққа тап болса, ( таулы аудандарда немесе тайғақ жолдармен, мұз айдындарымен жүре алмаған жағдайда, суға бату қаупі бар) екенін білсе 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы құтқарушыларды шақыра алады. Қазір таулы аудандарда, ауа райының өзгеруін ескере отырып, көшкін қаупі бар жерлерде адасып кету, өз бетінше түсу немесе қайтып оралу қаупі өте жоғары», - деді спикер.

Сондай-ақ, құтқарушы мереке кезінде қандай жағдайлармен жиі кездесетінін айтып, жаңа жылды қалай қауіпсіз қарсы алу керектігі туралы ұсыныстарымен бөлісті.

«Жаңа жыл қарсаңында барлығы отшашуды атуға және оны көруге асығады. Сол кезде қатты жабылып қалған есіктер ашылмай қалады. Ол кезде үйдің ішіндегі газ бен пештің үсінде тамақ пісіп жатады. Бұл жағдайды қиындатады, өйткені өрт қаупі артады, жалын немесе газ шығуы мүмкін. Сондықтан барынша мұқият болған абзал», - дейді ол.

Сонымен қатар, құтқарушылар пиротехниканы қолданған кезде балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.