Алматы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі күнге 23 459 ағаш отырғызылды. Атап айтқанда, Медеу ауданында – 2000, Жетісу ауданында - 3070, Түрксіб ауданында - 3900, Алмалы ауданында - 7000, Әуезов ауданында - 2489, Бостандық ауданында - 3500, Алатау ауданында – 1500 ағаш егілді. Наурызбай ауданында 30 қазан күні 10 мың түп ағашты отырғызу басталады, қазіргі уақытта ол үшін орындар дайындалып жатыр.
«Биыл Алматы қаласының жасыл қоры 320 мың жасыл желекпен толығады, оның 22 мыңы көктемде отырғызылды, 298 мыңы күзге жоспарланды. Бас ботаникалық бақ пен ғылыми аграрлық университеттің мамандарының ұсынысымен көшелердің бойына жалпақ жапырақты шегіршін, емен, үйеңкі, шаған, терек, ал саябақтар мен скверлерге - сәнағаш, қайың, акация, шырша және жеміс (алма, шие, алмұрт, өрік) ағаштары отырғызылып жатыр. Ағаштың бұл түрлері тығыз өсіп, саялы көлеңкеге айналып, лас ауаның ағынын жақсы ұстайды», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ әкімдіктің мәліметінше, көшеттерді жақсылап суару үшін егу орындарында автоматты суару жүйелері орнатылған. 2023 жылы қабылданған Жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережесі бойынша егілген ағаштарға 3 жылға дейін күтім жасау жеткізушілерге жүктелген. Жасыл желектерді тиімді суару және көшеттердің тамырланып өсуі үшін биыл су жинағыштың құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары басталды.