Алматыда лай көшкіні қаупі бар аймақтарда қандай жұмыс атқарылып жатыр

Фото: Алматы облысы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин өткен жылы болған қайғылы оқиғадан кейін қаланың көшкін қаупі бар аумақтарда жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

Былтыр 8 ақпан күні Медеу ауданының «Тау самалы» шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болды. Кейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан төрт адамның денесін тапты.

— Аталған аумақта жалпы беткейдің және оның етегіндегі тұрғын үйлер мен жеке құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдай режимі аясында тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазір атқарылған шаралар көршілес аудандарда тұратын тұрғындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыр, - деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, бұл жерде 1 500 шаршы метр аумақ тазартылды, 800 текше метр бетон құрылымы бұзылып, 900 текше метр габион құрылымы орнатылды. Одан бөлек 772 метр жауын-шашынға арналған арық жүйесі салынды, «Сакура» тұрғын үй кешенінің аумағында 772 шаршы метрге брусчатка төселді және 2 660 шаршы метрлік тор бекітілді. Құрылыс жұмыстарына жалпы 1,5 млрд теңге жұмсалған.

Сонымен қатар Еркебұлан Оразалин өткен жылы Медеу ауданы бойынша 82 көшкін қаупі бар аумақ анықталғанын атап өтті .

— Біз түрлі әдістерді қолдандық. Кей жерлерде бюджет есебінен нақты жұмыстар атқарылды. Жекелеген учаскелер Р1 аймағына енгізілді, онда құрылыс салуға шектеу қойылды. Қауіптің алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізіліп, жағдай тұрақты бақылауда тұр, - деді ол.

Еске салайық, жыл басында Алматыда лай көшкіні қаупі бар учаскелер нығайтылып жатқанын жазғанбыз.