Алматыда лай көшкіні қаупі бар аймақтарда не істеледі - әкім жауап берді

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан тұрғыны лай көшкінінің қаупіне байланысты сұрақ қойды.

— Бұрын болған лай көшкінінен кейін «Каменское плато» («Тау самалы» шағын ауданы) тұрғындары қауіпті беткейлердегі жерлердің сатылуына алаңдаулы. Әлеуметтік желілерде география институты жасаған қауіпті аймақтардың картасын жариялауды сұраймыз. Сосын қауіпті аймақтарда ескерту белгілері қойылса екен, — деді Медеу ауданының тұрғыны.

Сондай-ақ ол шағын аудандағы қарқынды құрылысқа байланысты жүк көліктердің жолды бұзып жатқанын айтып, осы мәселені қарастыруды өтінді.

— «Каменское плато» қалай салынғанын білесіздер. Нәтижесінде осы мәселелер туындап отыр. Енді біз 74 учаскені тиісті аудит жүргіздік. Аса қауіпті 11 учаскеге байланысты шара қолданып жатырмыз. Бесеуіне жоба жасалып, әкімдіктің төтенше жағдайларға арналған резервінен ақша бөлінді. Ал қалған алтауын сатып аламыз. Ол учаскелерді бекітуге келмейді, тек жерді сатып алып, адамдарды көшіру керек, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ Ерболат Досаев шағын ауданда су және кәріз желілері жүргізілгеннен кейін сапалы жолдар салынатынын атап өтті.

Еске салайық, 8 ақпан күні Медеу ауданының «Тау самалы» шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болды. 

Кейін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мен республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан төрт адамның денесін тапты.