Алматыда LRT желісіне арналған депо салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алатау ауданының Индустриялық аймағында болашақ LRT желісіне депо салу жоспарланып отыр.
Жаңа депо «Алматы-2» теміржол вокзалын «Барлық» және «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстырады. Қазір ұзындығы 32,5 шақырым болатын LRT желісіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кеңесте белгілі болды.
Сонымен қатар қазіргі метро желісін «Қалқаман» станциясынан «Барлық» көлік тораптарына дейін ұзарту және екінші желіні — «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейін салу жұмыстары дайындалып жатыр.
Келешекте «Сайранды» Алатау қаласымен байланыстыратын үшінші тармақты дамыту жоспарда бар.
Бұдан бөлек, Желтоқсан көшесі мен Райымбек батыр даңғылы бойымен BRT салу, сондай-ақ «Алматы-3» теміржол вокзалының құрылысына дайындық мәселелері талқыланып жатыр.
Әр жоба бойынша нақты мерзім мен орындаушы көрсетілген жол карталары әзірленген.
Еске салайық, бұған дейін «Алматы-3» жаңа теміржол вокзалының құрылысы қай кезеңде тұрғаны туралы жазғанбыз.
Ал Алматыдағы «Қалқаман» метро станциясының құрылысы қаржы тұрақты түрде бөлінсе, 2026 жылдың бірінші жартысында ақталуы мүмкін.