Алматыда МӘМС есебінен қандай қымбат оталар жасалады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполисте жыл сайын МӘМС есебінен мыңдаған қымбат операциялар жасалады. Бұл туралы “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының” КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
- Өткен жылы алматылық дәрігерлер МӘМС қаражаты есебінен 7 мыңнан астам жоғары технологиялы операция жасаған. Оған Қордан 21,7 млрд теңге төленген болса, 2024 жылы мұндай оталарға 25 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлады қордан.
ӘМСҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Алматыда МӘМС есебінен жасалатын ең қымбат ота түрлері:
- Жүрекке қосалқы имплант жүйесін орнату, құны – 74,8 млн теңге.
- Аллогендік гемопоэтикалық дің жасушаларын алмастыру, құны – 16,3 млн теңге.
- Бауыр алмастыру, құны – 8,3 млн теңге. Былтыр Алматыда 27 науқас МӘМС есебінен бауыр алмастырған.
- Автоматты кардиовертер немесе дефибриллятор орнату, құны – 8 млн теңге.
- Электромагнитті есту аппаратын орнату, құны – 7,3 млн теңге.
- Аорта қақпақшасын алмастыру, құны – 6,5 млн теңге.
- Бас пен мойын тамырлары эмболизациясы (немесе окклюзия), құны – 5,8 млн теңге. Өткен жылы алматылық нейрохирургтер осындай 586 ота жасаған.
- Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ), құны – 1,2 млн теңге. Жыл сайын елімізде МӘМС есебінен экстракорпоралды ұрықтандыруға 7000 квота бөлінеді, оның 3241-і – Алматыға тиесілі.