Алматыда маңында дрифт жасап, маңызды автожолды жапқандар жазаланды

Фото: Видеодан алынған скрин

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының тұрғындары жол ережелерін өрескел бұзған.

Алматы мен облысты байланыстыратын автожолда екі көлік дрифт жасап, өзге көліктердің жүруіне кедергі келтірген. Олардың әрекеті бейнеленген жазба әлеуметтік желіде тарады.

Алматы облысының полиция департаменті жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілгенін хабарлады.

- Құқық бұзушылар Қарасай ауданының тұрғындары – 1999, 2003 және 2007 жылы туған азаматтар. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жеті бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Барлық көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылып, жүргізушілер көлік құралын басқару құқығынан 6 ай мерзімге айырылды, - деп хабарлады полициядан.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оларға қолданыстағы заңнама талаптары мен жауапсыз әрекеттердің салдарын түсіндірген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қаланың қақ ортасында дрифт жасаған жүргізуші 10 күнге қамалды.