Алматыда «Matic Basket» қаржы пирамидасы 2 мың адамның 80 млн теңгесін қолды еткен
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Matic Basket» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар өздерін әлеуметтік желілері арқылы жарнамалап, азаматтарды «Matic Basket» жобасына ақша салуға шақырған. Олар криптовалюта биржасында майнинг пен трейдинг арқылы жоғары пайда табуды уәде еткен. Зардап шеккен адамдар 5 000 теңгеден 1 100 АҚШ долларына дейін ақша салған.
- Алайда салымшыларға ақша салғанын растайтын ешқандай құжат берілмеген, әрі олармен келісімшарт немесе ресми келісімдер жасалмаған. Жаңа қатысушыны тартқан жағдайда әрбір қаржылық операциядан 10 пайыз көлемінде кіріс түсетіні айтылған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына Қазақстан мен ТМД елдерінің 1900-ден астам азаматы тартылып, жалпы сомасы 80 млн теңгеден астам қаражат салынған, - деп хабарлады Қаржы мониторинг агенттігінен.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шығуға тыйым салынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында 80-нен астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болғанын жазғанбыз.