Алматыда майданда медбике болған 99 жастағы ардагер тұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 43 соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі - Екатерина Баранова. Биыл 99 жасқа толды. Кейуана әлі тың.
Жыл санап қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлері - тілі бар тірі тарихтың нағыз өзі. Солардың бірі Алматы қаласында тұратын 99 жастағы Екатерина Баранова. Қан майданды көзбен көрген ол 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың желтоқсанына дейін Украина майданында госпиталь медбикесі болды.
«Біз жаралы жауынгерлерді ұрыс даласынан зембілмен жертөлеге тасыдық. Алғашқы көмекті көрсетіп, майданнан госпитальге жеткізіп, жарақаттарына қарай эшелондарға бөлдік. Ол кезде дәрі- дәрмек жоқтың қасы еді. Аспирин мен стрептоцидттен басқа ештеңе болмайтын»,- деп еске алды соғыс ардагері.
Медицина қызметінің аға лейтенанты Екатерина Баранова Жеңісті Чехословакияда қарсы алды. Соғыстан кейін ардагер 40 жыл табан аудармай Алматыдағы әскери госпитальда медбике болып жұмыс істеді. Жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға ықпал етті.
«Өткенсіз болашақ жоқ. Мен өз өмірімде жүздеген адамға көмектестім. Жап-жас кезімде соғыста жаралы сарбаздарды нәзік иығыма салып тасыдым. Маған адамдарға деген мейірім мен махаббат күш берді», - дейді ол.
Қазір жалғыз ұлынан екі немере мен үш шөбересі бар. Жасы жүзге таяп қалсада, әлі тың.
«Ел аман, жұрт тыныш болсын. Өскелең ұрпақ тек бейбіт заманда өмір сүрсе деген тілегім бар»,- деді соғыс ардагері.