Алматы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, жаңа тәртіптің негізгі мақсаты — ерекше қорғалатын аумақтарға түсетін көлік және антропогендік жүктемені азайту.
— Біз бұрынғы тәртіпті жай ғана сақтап қалуды емес, экологиялық жағдайды, заң талаптарын және тұрғындардың құқығын ескере отырып, көлік жүктемесін реттеудің заңды тетігін енгізуді ұсынып отырмыз, — деді Аршат Бахтыгереев.
Басқарма мәліметінше, бақылау-өткізу пункті арқылы тәулігіне шамамен 700 көлік өтеді. 2026 жылдың сегіз айында 179 024 көлік өткен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 76 606 болған.
Жаңа тәртіп бойынша іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің кіруіне шектеу қойылады.
Ал электромобильдерге бөлек режим қарастырылған. Ондай көліктерге жұмыс күндері кіруге рұқсат етіледі.
Сонымен қатар демалыс және мереке күндері шектеу барлық көлікке қолданылады.
Бұл ретте жаңа тәртіп тұрғындардың мүддесін, сондай-ақ жедел, коммуналдық және арнайы қызметтердің жұмысын ескереді. Аталған аумақта 48 жеке тұрғын үй, «Қазгидромет» пен «Қазселденқорғауға» тиесілі қызметтік-тұрғын үй ғимараттары, сондай-ақ Тұйықсу шатқалындағы нысандар орналасқан.
Еске салайық, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына апаратын Медеу — Тұйықсу автожолында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілетіні хабарланды.
Сондай-ақ Шымбұлақтағы аспалы жолдар уақытша жабылатынын жазғанбыз.