Алматыда Медеуден Шымбұлаққа дейінгі жолдың кей бөлігінде қозғалыс шектеледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Медеуден Шымбұлақ тау шаңғысы курортына дейінгі аралықта инженерлік инфрақұрылым құрылысы жалғасып жатыр.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Жоба аясында ұзындығы 5,7 шақырым болатын орта қысымды газ құбыры мен 2,7 шақырым кәріз желісін салу көзделген. Бұл жоба аталған бағыт бойында орналасқан нысандарды, соның ішінде Шымбұлақ тау шаңғысы курортының аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жобаны Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысы бойынша мердігер ұйым жүзеге асырып жатыр.

Қазіргі уақытта мердігер ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісті. Газ құбырының алғашқы учаскелерін орнату, кәріз желілерін тарту және темірбетон құдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілердің құрылысын 2026 жылы қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

— Оның мақсаты — коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыру және туристік инфрақұрылымды дамыту. Барлық жұмыс жобалық құжаттамаға, құрылыс нормаларына және экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Әсіресе, табиғи ландшафты сақтауға және қоршаған ортаға келетін әсерді барынша азайтуға ерекше көңіл бөлінген, — делінген хабарламада.

Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін кезеңде жолдың кей бөлігінде қозғалысқа уақытша шектеу енгізіліп, арнайы техникалар жұмыс істеуі мүмкін. Қала әкімдігі осыған байланысты тұрғындары мен қонақтарынан сапарларын жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруін өтінді.

Еске салайық, бұған дейін «Шымбұлақ» шатқалына көлікті кіргізуге шектеу қою конституциялық емес деп танылғанын жазғанбыз.