Іс-шара барысында Almaty SUPERSKI және «Алматы тау кластері» жобалары таныстырылды. Жиынға «Атамекен» ҰКП, Алматы қаласы әкімдігі, Kazakh Tourism Development Ltd, Almaty Tau Management өкілдері, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Kazakh Tourism Development Ltd атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Almaty SUPERSKI бастамасы аясында Алматы мектептерінің оқушыларына денешынықтыру сабақтары аясында міндетті шаңғы жаттығуларын енгізу жоспарланғанын айтты.
— Олимпиадалық елдерде 100 мыңға жуық бала бір маусымда кемінде 10 күн шаңғы тебеді. Ол денешынықтыру сабағына қатысу ретінде саналады. Алматы әкімдігі бұл бастаманы қолдады. Әзірге пилоттық жоба ретінде Алматы мектептерінде енгізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ Алматы тау кластері толық ашылған соң, мұндай тәжірибе бізде де болады, — деді ол.
Сондай-ақ ол қала колледждеріне тау-шаңғы мамандықтары бойынша 300-350 грант бөлінетінін атап өтті. Жаңа мамандар алдағы уақытта ашылатын жаңа арқан жолдар мен тау курорттарында жұмыс істейтін болады. Олардың қатарында аспалы жол инженері, механиктер, трассалар мен қар жамылғысын жасау инженері, қар пушкалары бойынша маман және т. б. мамандар болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тау кластерін дамытуға 526 млрд теңге жұмсалатынын жазғанбыз.