Алматыда мектепке іші мен сырты теріс кітап алынған - баспа жауап берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде ішкі беттері теріс шыққан оқулықтың бейнежазбасы тарады.

Фото: видеодан скрин

Бейнежазбадан 4 сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабын көруге болады. Жазба авторы кітаптың іші мен сырты бір-біріне сәйкес келмейтінін айтқан.

Аталған жағдайда байланысты «Алматыкітап» баспасы жауап берді. Баспа мәліметінше, жарияланымда көрсетілген оқулық бойынша типографияда техникалық қате кеткен.

— 4-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығы 2019 жылдан қолданылып келеді. Бейнематериалдағы оқулықтың 2024 жылы қосымша тираж ретінде шыққан нұсқа екені және Алматы қаласының № 211 мектеп-гимназиясының кітапханасының мөрі қойылғаны анықталды. Оқулық мектепке 2024 жылы келіп түскен. 2 жыл аралығында оқулықтың техникалық қателігі туралы баспаға ешқандай шағым келіп түспеген. Мектеп кітапханашысы бұл кітапқа мектептің мөрін қою барысында оқулықтың басты беті теріс тұрғанын анықтап, баспа мамандарына ескерту жасалған жағдайда, бірден кітапты алмастырып алуға болады, — делінген баспа жауабында.

Сонымен қатар баспа Алматы қаласындағы № 211 мектеп-гимназиясына арнайы барып, мәселені толық анықтайтынын және ата-анамен кездесіп, оқулықтың дұрыс нұсқасы берілетінін атап өтті.

— Бұл — баспаханадан кеткен полиграфиялық ақау: кітапты түптеу кезінде кейбір беттері төңкеріліп кеткен. Өкінішке қарай, мұндай бірлі-жарым ақаулар кездесіп тұрады. Баспамыз бұл оқулықты ауыстыруға дайын, — деп түсіндірді «Алматыкітап».

Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрі оқулықтардағы 700 қате жөнінде Президент сынына жауап берді.