Жыл басынан бері Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Тұрғын үй инспекциясының мамандары Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарындағы 3125 пәтерді тексерген. Мониторинг нәтижесінде тұрғын үйді үшінші тұлғаларға заңсыз берген 172 жағдай анықталып, 114-інде пәтер босатылды. Қалған 58 жағдай бойынша сотқа дейінгі талаптар жолданған.
— Тексеру кезінде тұрғын үйді қосалқы жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың тұруы және жалдау ақысын төлеу бойынша міндеттемелерді орындамау сияқты заң бұзушылықтар анықталды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Босатылған пәтерлерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталған соң бұл тұрғын үйлер жалға берілетін баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.
Қала әкімдігі жалға берілетін тұрғын үйді үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болатынын атап өтті. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 24-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекет тарапынан берілген тұрғын үйді азамат өзге адамға жалға беруге және уақытша тұрғындарды тұрғызуға құқылы емес.
Еске салайық, елімізде тұрғын үй кезегіндегілерді пәтермен қамту қарқыны қалай екенін жазғанбыз.