Алматыда мемлекет қорғауына алынған қанша ескерткіш бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 160 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасының Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.
Ведомстводан мәлім еткендей, олар тиісті тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
160 ескерткіштің 64-і жекеменшік аумақта орналасқан.
— Ескерткіштерді күтіп ұстау Қазақстанның тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. 160 ескерткіштің ішінде 4 ескерткіш ғылыми реставрацияға мұқтаж. Алайда басқармаға осы жылы ғылыми-реставрациялық жұмысқа қаражат бөлінген жоқ, — делінген жауапта.
Көпес Филипповтың үйі
Қаладағы көне ғимараттардың бірі — Көпес Филипповтың үйі. Нысан 1901 жылы салынған. Революциядан кейін ол мемлекет меншігіне алынды.
1919 жылы мамырда бұл үйде Жамбыл Жабаевтың және басқа да танымал әнші-композиторлардың қатысуымен Жетісу ақындарының алғашқы жиыны өтті.
Кеңес Одағы кезінде ғимаратта облыстық ұлттар істері бөлімі орналасты. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін аталған үй Түркия елшілігінің мәдени-ағарту орталығына айналды.
Қазір онда «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны орналасқан.
— Көпес Филипповтың бұрынғы үйі республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне өтуіне орай оны жергілікті маңызы бар тізімнен алып тастау бойынша жұмыс жүргізіледі, — деп атап өтті басқармадан.
«Қызыл таң» мата дүкені
Көк базардың маңында, Шоқан Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан «Қызыл таң» дүкені қала тұрғындарының көпшілігіне жақсы таныс.
Өзінің ерекше сәулетімен баурап алатын бұл ғимараттың салынғанына 100 жылдан астам уақыт болды.
Кезінде өз заманының аса дәулетті байларының бірі болған Ысқақ Ғабдуләлиев есімді көпес өз қаржысына Верный қаласының орталық сауда үйін салдырады.
1912 жылы негізі қаланған көне ғимараттың салыну жолы бүгінде аңызға айналып кеткен. Себебі, жобаның нақты авторы белгісіз.
Дегенмен, тарихи деректерге сенсек, сол заманның белгілі сәулетшілері Поль Гурде мен Андрей Зенков екеуінің біреуі болуы мүмкін деген жорамал бар.
Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткішке айналған бұл ғимаратқа әр жылдары жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырған.
Ахмет Байтұрсынов тұрған үй
ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Ғимараттың жалпы ауданы — 160 шаршы метр.
Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми ашылды.
Мұражайда Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат сақталған.
Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай 2022 жылы мұражай-үй күрделі жөндеуден өтті.
Сондай-ақ Президент Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашқан болатын.
Медеу
Алматының айтулы орындарының бірі — Медеу спорт кешені. Ол қаладан 18 шақырым жерде Кіші Алматы шатқалында 1691 метр биіктікте орналасқан.
Аумағы 10 500 шаршы метр жерді алып жатыр және 10500 көрермен сыяды. Әлемдегі 120-дан аса үздік спорттық рекорд Медеу мұз айдынында орнатылған.
Медеу атауы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген қоғам қайраткері, қазақ халқын көшпелі отырықшылыққа бейімдеу жұмыстарымен айналысқан, қазақ балаларына арнап пансионат ашқан Медеу Пұсырмановтың құрметіне берілген.
Медеудің айналасын 21 мың гектар орман-тоғай алқабы қоршап жатыр. Онда қайың, көктерек, қарағай мен шырша, долана, шетен ағаштары өседі.
Мұз айдынынан бөлек, мұнда Ғарыш сәулелері ғылыми станциясы, Үлкен Алматы көлі, Жоғарғы Горельник сарқырамасы, Алматыны селден қорғап тұратын бөгеттер, Терренкур және сегіз жүзден астам сатысы бар баспалдақ бар.
Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, биыл Медеу мұз айдыны жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше жылға жабылды.
Реконструкция жұмыстарын 2025-2027 жылдары аралығында жүргізу жоспарланған. Қала әкімшілігі «Медеу» мұз айдыны жабылуына байланысты жаппай сырғанаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қысқы маусымда көше мұз айдындарының санын одан әрі ұлғайтуды қарастырады.
Бұдан бөлек, ежелгі көшпенділер тарихынан сыр шертетін 12 археологиялық ескерткіш пен қорым бар.
- Рысқұлов даңғылы, 51 а, Лобачевский көшесінің қиылысы, «Алматыгорсвет» акционерлік қоғамының аумағында;
- Рахманинов көшесі, 83, Қарасай батыр көшесінің бұрышы;
- Қарасай батыр көшесі, 230, Аносов көшесінің бұрышы;
- Ботаникалық бақтың оңтүстігіне қарай 600 метр, оранжереядан оңтүстік-батысқа қарай 200 метр, орталық саяжолдың оң жағында;
- № 2 жылу электр орталығынан шығысқа қарай 1,2 километр, «Батыс» зиратына апаратын жолдың оң жағында, далада орналасқан.